Қазақстандық балуандар қазақ күресінен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында үш медаль жеңіп алды

Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында қазақ күресінен жарыс аяқталды. Бәсекеге әлемнің 32 елінен 65 спортшы қатысты.
60 келіге дейінгі салмақта Қазақстан өкілі Ернұр Сүлейман алтын медаль жеңіп алды. Финалда ол Грузия спортшысы Гиоргий Инашвилиден басым түсті. Қола жүлделер Өзбекстаннан Хуршидбек Чориев пен Түрікменстаннан Сердар Бабамурадовқа бұйырды.
82 келіге дейінгі салмақта Нұрдәулет Бақтыбайұлы күміс медаль иеленді. Бұл салмақта Өзбекстан өкілі Умид Есенов жеңімпаз атанды. Ирандық Поуриа Шокри мен ресейлік Глеб Голов үшінші орын алды.
100 келіден жоғары салмақта Қазақстанның тағы бір өкілі Нұрдәулет Жарылғапов финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды. Алтын медальды Қырғызстан спортшысы Орозбек Алмазбеков жеңіп алды. Өзбекстандық Бахридин Абдурайымов пен польшалық Томаш Щепаняк қола жүлдеге ие болды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы қазақ күресінен бір алтын және екі күміс медаль жеңіп алды.
Жарыс жеңімпазына 100 мың сом, күміс жүлдегерге 80 мың сом, ал үшінші орын иегерлеріне 60 мың сомнан ақшалай сыйлық табысталды.



