ТРЕНДТЕФУТБОЛ

«Ордабасы» чемпиондыққа жақындады, «Қайрат» «Ертісті» ірі есеппен жеңді

Қазақстан Премьер-лигасының 23-туры аяқталды. Чемпиондық атаққа таласып жатқан «Ордабасы» мен «Қайрат» кезекті жеңістеріне қол жеткізді. Шымкенттік клуб «Ақтөбені» сырт алаңда 3:1 есебімен ұтса, алматылықтар «Ертістен» 5:0 есебімен басым түсті.

«Ақтөбе» өз алаңында «Ордабасыға» қарсы кездесуді сәтті бастады. 20-минутта Даниэль Соса есеп ашты. Алайда екінші таймда шымкенттіктер ойын барысын өзгертті. 47-минутта Лео Натель есепті теңестірсе, 53-минутта Сергей Малый қонақтарды алға шығарды. 77-минутта Тидиан Кейта үшінші голды соғып, жеңісті түпкілікті бекітті.

«Қайрат» Алматыда «Ертісті» 5:0 есебімен жеңді. Кездесудің басты қаһарманы Марк Гуаль болды. Испаниялық шабуылшы 15, 34 және 74-минуттарда гол соғып, хет-трик жасады. Алматылықтардың тағы екі голын Эдмилсон мен Азамат Тұяқбаев енгізді.

Қола жүлдеге таласта «Астана» өз алаңында «Каспиймен» 2:2 есебімен тең түсті. Ақтаулықтар Давид Эптон мен Кеба Силланың голдарының арқасында екі мәрте алға шыққанымен, елордалықтар Марин Томасовтың дәл соққысы және Әріповтің автоголы арқылы жеңілістен құтылды.

Ал «Оқжетпес» «Қызылжарды» 1:0 есебімен жеңіп, үшінші орын үшін күрестегі мүмкіндігін сақтап қалды. Жалғыз голды 61-минутта Владислав Васильев соқты.

Қостанайда «Тобыл» «Жеңісті» 4:2 есебімен ұтты. Алаң иелері сапынан Виталий Лисакович, Асхат Тағыберген және Жаслан Жұмашев мергендік танытты. Тағы бір гол қарсылас ойыншысы Тұрсынбайдың өз қақпасына доп енгізуінен тіркелді.

Семейде «Елімай» «Ұлытаудан» 2:1 есебімен басым түсті. Рохер Мурильо мен Алвес Рожерио Шина алаң иелерін алға шығарды. Қонақтар сапынан Глеб Бухал қосымша уақытта есеп айырмасын қысқартты.

Турнир кестесінің төменгі бөлігіндегі маңызды кездесуде «Жетісу» «Қайсарды» 2:1 есебімен жеңді. Қызылордалықтар Виктор Мозестің голымен алға шыққанымен, екінші таймда Шоқан Абзалов пен Нұрберген Нұрбол талдықорғандықтарға жеңіс әкелді.

«Алтай» мен «Атырау» арасындағы кездесу 1:1 есебімен аяқталды. Ибрагим Дадаевтың голынан кейін алаң иелері ұзақ уақыт алда тұрды. Алайда 80-минутта Сэйф Попов алаңнан қуылып, қосымша уақытта Мичевичтің автоголы есепті теңестірді.

Осылайша, чемпионаттың аяқталуына екі тур қалғанда «Ордабасы» «Қайраттан» төрт ұпай алда келеді. «Астана» үшінші орнын сақтап қалса, «Оқжетпес» қола жүлдеге таласын жалғастырып жатыр.

Басқа жаңалықтар

Back to top button