Глеб Коваленя Астанадағы әлем кубогында Қазақстан рекордын жаңартты

Астанада өтіп жатқан жүзуден әлем кубогының кезеңінде екінші жарыс күнінің финалдық бәсекелері аяқталды. Қазақстан құрамасының спортшылары бірнеше қашықтықта өнер көрсетіп, үздік ондыққа енді.
50 метрге еркін әдіспен жүзуде Глеб Коваленя 21,22 секунд нәтижемен бесінші орын алды. Қазақстандық жүзгіш таңертеңгі іріктеу кезеңінде тіркеген 21,31 секундтық ұлттық рекордын финалда қайта жаңартты.
100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде Әділбек Мусин 51,32 секунд көрсеткішпен жетінші орынға тұрақтады. Осы қашықтықта сынға түскен Максим Сказобцов 51,57 секунд нәтижемен тоғызыншы болды.
200 метрге брасс әдісімен жүзуде Айбат Мырзамұратов 2 минут 7,34 секундта мәреге жетіп, сегізінші орын иеленді.
Ал 100 метрге кешенді жүзуде Егор Попов 54,68 секунд нәтижемен тоғызыншы сатыдан көрінді.
Әйелдер арасындағы бәсекеде Софья Сподаренко 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде 59,66 секунд көрсеткіш тіркеп, оныншы орын алды.
Айта кетейік, Астанадағы әлем кубогы 17 қазанда аяқталады. Бұл жарыс Баку мен Ташкенттегі кезеңдерден кейінгі Silk Road Tour сериясының қорытынды бәсекесі саналады.



