
Черногорияның Будва қаласында өтіп жатқан бокстан 19 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасының жеті өкілі ширек финалға жолдама алды.
World Boxing ұйымдастырған халықаралық додада 1/8 финалдық кездесулер аяқталып, келесі кезеңге өткен боксшылар анықталды.
Қазақстан ерлер құрамасынан ширек финалға шыққан спортшылар:
* 50 келі – Әділ Асқанбай
* 55 келі – Айдос Үсенов
* 60 келі – Данияр Ақбисенов
* 65 келі – Ақжүрек Қалабай
* 70 келі – Бибарыс Әшірбай
* 90 келі – Еркетаң Жарқынбек
* +90 келі – Владислав Саможонов
Енді қазақстандық боксшылар жартылай финал жолдамалары үшін жұдырықтасады. Ширек финалдағы жеңіс оларға әлем чемпионатының жүлдесіне таласуға мүмкіндік береді.
Будвадағы U19 әлем чемпионаты 27 қазанға дейін жалғасады.



