
Қазақстан құрамасы Халықаралық олимпиада комитеті мойындамаған IBA ұйымы өткізетін бокстан әлем чемпионатына қатысады. Турнир 3–13 желтоқсан күндері Дубай қаласында өтеді. Чемпионатта 13 салмақ дәрежесі бар, ал жүлде қоры өте жоғары:
– чемпиондар – 300 мың доллар,
– күміс жүлдегерлер – 150 мың доллар,
– қола жүлдегерлер – 75 мың доллар,
– ширек финалистер – 10 мың доллар алады.
Бұл додаға биыл күзде World Boxing федерациясы ұйымдастырған, уақытша ХОК мойындаған әлем чемпионатының жеңімпаздары қатыспайды. Себебі World Boxing – 2028 жылғы Олимпиададағы бокс бәсекелерін ұйымдастыруға жауапты ұйым.
Соған қарамастан, IBA чемпионатына баратын Қазақстан құрамасының қатарын тәжірибелі боксшылар Теміртас Жүсіпов пен Сәкен Бибосынов күшейтеді. Екі спортшы да 2021 жылы IBA ұйымдастырған әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған.
IBA әлем чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамасы:
48 кг – Теміртас Жүсіпов
51 кг – Даниял Сәбит
54 кг – Сәкен Бибосынов
57 кг – Оразбек Асылқұлов
60 кг – Серік Теміржанов
63,5 кг – Ертуған Зейнуллинов
67 кг – Санатәлі Төлтаев
71 кг – Абылайхан Жүсіпов
75 кг – Сабыржан Аққалықов
81 кг – Ерасыл Жақпеков
86 кг – Дәулет Төлемісов
92 кг – Нұрмұхамед Юсупов
+92 кг – Нұрлан Сапарбай
Айта кетейік, World Boxing ұйымының жаңа президенті Геннадий Головкин спортшылардың World Boxing және IBA турнирлеріне бір уақытта қатысу мүмкіндігі жөнінде заңдық тетіктер қарастырылып жатқанын айтқан. Ол боксшылардың мүддесін қорғау – басты міндет екенін атап өтті.



