
Қазақстан құрамасы Арменияның Ереван қаласында өткен еркін күрестен ересектер арасындағы халықаралық турнирде сегіз медаль иеленді.
86 келіге дейінгі салмақта Асхаб Хаджиев чемпион атанды. Ол финалда 2025 жылғы әлем чемпионы, америкалық Захид Валенсиямен кездесіп, тартысты белдесуде 12:11 есебімен жеңіске жетті. Осы салмақта Рүстем Мырзағалиев қола жүлдеге ие болды.
65 келіге дейінгі салмақта Өсімжан Дастанбек күміс медаль жеңіп алса, Әділ Оспанов үшінші орынға тұрақтады. 74 келіде Дархан Есенғали қола жүлдегер атанды.
Жарыстың екінші күнінде 61 келіге дейінгі салмақта Мейрамбек Қартбай күміс медаль иеленді. Сондай-ақ Ернұр Нұрғазы 70 келіде, Диас Сағдатов 79 келіде қола медаль жеңіп алды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Еревандағы халықаралық турнирді бір алтын, екі күміс және бес қола медальмен аяқтады.



