Қазақстан құрамасы арқан тартыстан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында үш алтын жеңіп алды

Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында арқан тартыстан Қазақстан құрамасы үш бірдей жарыс түрінде жеңіске жетті.
2–4 қыркүйек аралығында Қырчын жайлауындағы Спорт қалашығында өткен бәсекеге 13 елдің командасы қатысты. Ерлер абсолютті салмақ дәрежесінде 1х1, 4х4 және 8х8 форматтарында сынға түсті.
Жекелей 1х1 бәсекесінде Қазақстан өкілі бірінші орын алды. Қырғызстан екінші, Пәкістан үшінші орынға тұрақтады.
4х4 командалық сайысында да Қазақстан құрамасы үздік атанды. Иран командасы күміс, Қырғызстан қола жүлдеге ие болды.
8х8 форматындағы жарыста Қазақстан үшінші алтын медалін жеңіп алды. Бұл сында Қырғызстан екінші, Пәкістан үшінші орын иеленді.
Осылайша, қазақстандық спортшылар арқан тартыстың бағдарламаға енген үш бәсекесінде де жеңіске жетті.



