
12–16 тамыз аралығында Германияның Франкфурт-на-Майн қаласында көркем гимнастикадан 42-ші әлем чемпионаты өтеді. Бұл жарыс 2028 жылғы Лос-Анджелес Олимпиадасына берілетін алғашқы жолдамалар сарапқа салынатын маңызды дода болмақ.
Олимпиада жолдамалары жекелей көпсайыста үздік үш гимнастқа, ал топтық жаттығуларда үздік үш құрамаға беріледі. Жолдамалар жеке спортшыларға емес, ұлттық федерацияларға тиесілі болады.
Қазақстан құрамасы әлем чемпионатына барлық көшбасшыларын алып барады. Жекелей сында ел намысын Айбота Ертайқызы мен Ақмарал Ерекешева қорғайды.
Ақмарал Ерекешева биыл ересектер санатындағы алғашқы маусымында-ақ өзін жоғары деңгейде көрсетті. Ол Бакудегі әлем кубогы кезеңінде таспамен жаттығуда қола медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Бішкекте өткен Азия чемпионатында ұршықтармен орындалатын жаттығуда күміс, ал шығыршық пен доп бағдарламаларында екі қола медаль еншіледі. Миландағы әлем кубогында көпсайыста 11-орын алып, ұршықтармен жаттығуда тоғызыншы нәтиже көрсетті.
Айбота Ертайқызы да маусымды сәтті өткізуде. Қазақстандық гимнаст Азия чемпионатының көпсайысында күміс жүлдеге ие болып, таспамен жаттығуда қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар Софиядағы әлем кубогы кезеңінде көпсайыста 14-орынға тұрақтады.
Қазақстанның топтық жаттығулар құрамасы да әлем чемпионатына жоғары дайындықпен келеді. Айзере Кеңес, Жасмин Жүнісбаева, Кристина Чепульская, Мадина Мырзабай, Айзере Нұрмағамбетова және Аида Хәкімжанова биыл Ташкенттегі әлем кубогында көпсайыстан күміс медаль жеңіп алды. Ал Азия чемпионатында көпсайыста қола, бес доппен және үш шығыршық пен екі жұп ұршықтар бағдарламаларында күміс жүлдеге қол жеткізді.
Әлем чемпионатында Олимпиада чемпионы, Германия құрамасының көшбасшысы Дарья Варфоломеев, италиялық София Раффаэли, болгариялық Стилиана Николова, украиналық Таисия Онофрийчук, сондай-ақ Азия чемпионы Тахмина Икромова (Өзбекстан) секілді әлемдік деңгейдегі гимнастар өнер көрсетеді. Сонымен бірге Ресей мен Беларусь спортшылары да әлем чемпионатына қайта қатысады.
Топтық жаттығуларда Қытай, Ресей, Бразилия, Жапония, Испания, Украина, Израиль және Болгария құрамалары басты фавориттер саналады.
Айта кетейік, әлем чемпионатының іріктеу кезеңі 12–13 тамызда, ал финалдық жарыстар 14–16 тамыз аралығында өтеді. Қазақстандық гимнастардың басты мақсаты – финалдарға жолдама алып, Лос-Анджелес Олимпиадасына берілетін алғашқы лицензиялар үшін күресу.



