
Шотландияның Глазго қаласында өткен World Boxing Атқару комитетінің отырысында 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиада ойындарына жолдама беретін іріктеу жарыстарын ұйымдастыратын елдер ресми түрде бекітілді.
Қабылданған шешімге сәйкес, 2027 жылғы құрлықтық іріктеу турнирлері бес аймақта өтеді. Америка құрлығының жарысын АҚШ қабылдайды. Азиялық боксшылар Қытайда бақ сынаса, Еуропа құрлығының лицензиялық бәсекесі Түркияның Ыстамбұл қаласында өтетін Еуропа ойындары аясында ұйымдастырылады. Мұхит аралдары өңірінің іріктеу жарысы Самоада, ал Африка құрлығының турнирі Нигерияда өтеді.
Сонымен қатар 2028 жылы ұйымдастырылатын екі әлемдік лицензиялық турнирдің қожайындары да белгілі болды. Алғашқы жарыс Италияда, ал екінші турнир Венгрияда өтеді.
World Boxing ұйымы жарыстардың нақты күндері мен ұйымдастыруға қатысты қосымша ақпараттың кейінірек жарияланатынын хабарлады.
Айта кетейік, Лос-Анджелес Олимпиадасына іріктеу кезеңіндегі алғашқы маңызды жарыс 2027 жылы Астанада өтетін World Boxing әлем чемпионаты болмақ.



