Надежда Морозова әлем чемпионатында үздік ондыққа енді

Нидерландтың Херенвен қаласында конькимен жүгіруден классикалық көпсайыс бойынша әлем чемпионаты мәресіне жетті. Бұл жарыста Қазақстан атынан Надежда Морозова өнер көрсетті.
Отандасымыз алғашқы қашықтық – 500 метрде үшінші нәтиже көрсетсе, кейін 3000 метрде оныншы болып мәреге жетті.
1500 метрлік жарыста Морозова алтыншы орын алып, 24 спортшының арасынан үздік сегіздікке енді. Соның нәтижесінде ол 5000 метр қашықтықта сынға түсу мүмкіндігіне ие болды.
5000 метрлік жарыста қазақстандық спортшы жетінші орын алды. Қорытындысында Надежда Морозова әлем чемпионатын жалпы есепте жетінші орынмен аяқтады (160.435 ұпай).
Алтын медальді норвегиялық Рагне Виклунд (157.457 ұпай) жеңіп алды. Нидерланд спортшысы Марейке Груневауд (158.086) екінші орынға тұрақтаса, жапониялық Михо Такаги үздік үштікті түйіндеді.
Айта кетейік, көпсайыс нәтижесінде ең аз ұпай жинаған спортшы чемпион атанады.



