Қазақстанның жеңіл атлетика құрамасы Азия ойындарына 30 спортшымен барады

Жапонияда өтетін Аичи-Нагоя-2026 жазғы Азия ойындарында жеңіл атлетикадан Қазақстан намысын қорғайтын спортшылардың тізімі жарияланды. Құрама сапына 30 спортшы енді.
Ерлер арасында Георгий Шейко марафон қашықтығындағы спорттық жүрісте, Шадрак Кимутаи марафонда, Иван Иванов ядро серпуде, Алексей Хлыстов найза лақтыруда, Давид Ефремов 110 метрге кедергілер арқылы жүгіруде сынға түседі. Максим Фроловский 5000 және 10 000 метр қашықтықтарға қатысады.
400 метрге жүгіруде Андрей Соколов пен Эльнор Мухитдинов өнер көрсетеді. Вячеслав Земс 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруге қатысады. Аралас 4×400 метрлік эстафетаға Андрей Соколов, Михаил Литвин, Эльнор Мухитдинов, Вячеслав Земс және Ефим Тарасов та өтінімге енген.
Әйелдер арасында Ясмина Тоқсанбаева марафон қашықтығындағы спорттық жүріске, Кристина Морозова мен Эльмира Калимуллина жартылай марафон қашықтығындағы спорттық жүріске қатысады. Нора Джеруто 3000 метрге кедергілер арқылы және 5000 метрге жүгіруде, Дейзи Джепкемей 5000 және 10 000 метрде бақ сынайды.
Аяна Болатбекқызы 800 және 1500 метрге жүгіруге, Надежда Дубовицкая мен Кристина Овчинникова биіктікке секіруге қатысады. Мария Ефремова үш қарғып секіруде, Анастасия Рыпакова ұзындыққа секіруде, Полина Иванова мен Анна Черкашина сырықпен секіруде, Алина Чистякова жетісайыста өнер көрсетеді.
400 метрге кедергілер арқылы жүгіру мен эстафеталық жарыстарға Аделина Земс және Мария Шувалова қатысады. Сондай-ақ 4×400 метрлік және аралас эстафеталарға Александра Залюбовская, Софья Киденко, Анна Шумило және Милана Зубарева өтінімге енді.
Жеңіл атлетикадан Азия ойындарының жарыстары 24–29 қыркүйек аралығында Нагояда өтеді.



