ҚФФ селекционерлері Жастар чемпионатының финалдық кезеңінде футболшыларды іріктеп жатыр

Қазақстан футбол федерациясының селекционерлері 2013 жылы туған ойыншылар арасында өтіп жатқан «ҚФФ Жастар чемпионатының» финалдық кезеңінде жас футболшыларды бақылап, ұлттық құрамаға үміткерлерді іріктеуде.
Селекциялық жұмыс 5-17 қыркүйек аралығында Өскемен, Шымкент, Петропавл және Алматы қалаларында жүргізіліп жатыр.
Матчтарды жаттықтырушы-селекционерлер И. Азовский, В. Никитенко, С. Пак және И. Шпанёра бақылайды. Мамандардың негізгі міндеті – Қазақстан жасөспірімдер құрамаларына шақырылуы мүмкін болашағы зор футболшыларды анықтау.
Селекционерлер ойыншылардың өнерін тікелей матчтар барысында бағалап, олардың техникалық және жеке көрсеткіштерін тіркейді. Финалдық кезең аяқталған соң үздік футболшылардан кеңейтілген тізім жасақталады.
Іріктеуден өткен ойыншылар кейін ҚФФ Академиясында өтетін селекциялық оқу-жаттығу жиынына шақырылады.
«ҚФФ Жастар чемпионаты» футбол клубтарының жасөспірімдер командалары арасындағы Қазақстан чемпионаты саналады. Турнир жас футболшылардың шеберлігін көрсетуіне және елдің жасөспірімдер құрамаларына іріктелуіне мүмкіндік беретін негізгі жарыстардың бірі.



