
Қазақстандық теннисші Ахмади Маханов Астанада өткен World Tennis J300 халықаралық жасөспірімдер турнирінің жекелей сынында жеңіске жетті.
Финалда Маханов жарыстың алтыншы ракеткасы, Үндістан өкілі Самарт Сахитамен кездесті. Қазақстандық теннисші қарсыласын екі сетте 6:1, 6:3 есебімен жеңіп, чемпиондық атаққа ие болды.
Маханов турнир барысында негізгі торда бес кездесу өткізді. Екінші айналымда Өзбекстан өкілі Абдурахмон Каримовты 6:4, 6:2 есебімен жеңсе, келесі кезеңде словакиялық Доминик Мацейден дәл осындай есеппен басым түсті.
Ширек финалда қазақстандық спортшы украиналық Юрий Столяровты 7:5, 6:4 есебімен жарыстан шығарды. Ал жартылай финалда Тунис өкілі Скандер Нсаириді 6:2, 6:3 есебімен жеңіп, финалға жолдама алған еді.
Осылайша, Ахмади Маханов Астанадағы J300 турнирін жеңіліссіз аяқтап, жекелей сында чемпион атанды.
Бұған дейін Маханов биыл Венада өткен J100 санатындағы жасөспірімдер турнирінің жұптық сынында да жеңіске жеткен болатын.



