ТРЕНДТЕ

Қасым-Жомарт Тоқаев: Соңғы жеті жылда Қазақстанда 500-ден астам спорт нысаны салынды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде еліміздегі спорт инфрақұрылымын дамыту және бұқаралық спортты қолдау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Мемлекет басшысының айтуынша, соңғы жеті жылда Қазақстанда 500-ден астам спорт нысаны бой көтеріп, бірқатар спорт кешені жөндеуден өткен.

– Соңғы жеті жылда елімізде 500-ден астам спорт нысаны салынды, бірқатары жөндеуден өткізілді. Былтыр менің тапсырмаммен «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға бірқатар өзгеріс енгізілді. Жаңа заң отандық спорттың дамуына күшті серпін бермек, соның ішінде ұлттық спорттың өркендеуіне ерекше ықпал етеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың спортпен және дене шынықтырумен тұрақты айналысуы ел болашағы үшін маңызды екенін атап өтті.

Президент келтірген мәліметке сәйкес, спорт мектептерінде жаттығатын әр балаға бөлінетін қаражат көлемі 233 мың теңгеден 415 мың теңгеге дейін өскен.

Былтыр 220 мыңнан астам бала спорт үйірмелеріне мемлекет есебінен тегін қатысқан. Бұл мақсатқа бюджеттен 50 миллиард теңге бөлінді.

Сондай-ақ елімізде дене шынықтырумен тұрақты айналысатын азаматтардың саны 8 миллионнан асқан. Бұл Қазақстан халқының жартысына жуығын құрайды.

Мемлекет басшысы қол жеткізілген көрсеткіштерге қарамастан, бұқаралық спорт пен ұлт саулығын нығайту бағытындағы жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты.

Басқа жаңалықтар

Back to top button