Михаил Шайдоров жаңа маусымды Братиславадағы халықаралық турнирден бастайды

Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров Словакияның Братислава қаласында өтетін Nepela Memorial халықаралық турнирінде өнер көрсетеді.
Жарыс 24–27 қыркүйек аралығында ұйымдастырылады және 2026/27 жылғы маусымдағы ISU Challenger Series сериясының кезеңдерінің бірі саналады.
Шайдоров ерлер арасындағы жекелей сында бақ сынайды. Алдын ала жарияланған қатысушылар тізіміне барлығы 29 мәнерлеп сырғанаушы енген.
Братиславадағы жарыс қазақстандық спортшы үшін жаңа маусымдағы алғашқы халықаралық турнир болмақ.
Михаил Шайдоров 2026 жылы Милан мен Кортина-д’Ампеццода өткен қысқы Олимпиада ойындарында ерлер арасындағы жекелей сында чемпион атанды. Ол қысқа және еркін бағдарламалардың қорытындысы бойынша 291,58 ұпай жинап, алтын медаль жеңіп алған еді.



