
Қазақстандық көркем гимнаст Ақмарал Ерекешева Чехияда өтіп жатқан Grand Prix BRNO халықаралық турнирінің көпсайысында екінші орын иеленді.
Қазақстандық спортшы төрт жаттығудың қорытындысы бойынша 116,500 ұпай жинап, мансабындағы жеке рекордын жаңартты. Бұған дейін оның ең жоғары нәтижесі Франкфурттағы әлем чемпионатында тіркелген 115,800 ұпай болатын.
Көпсайыста Украина өкілі Таисия Онофрийчук 117,900 ұпаймен жеңімпаз атанды. Ақмарал Ерекешева 116,500 ұпаймен күміс жүлдеге ие болса, Польшадан келген Лилиана Левинска 108,250 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.
Енді Ерекешева төрт бағдарлама бойынша жекелей финалдарда өнер көрсетіп, тағы да жүлделер үшін таласады.
Grand Prix BRNO турнирі 13 қыркүйекке дейін жалғасады.



