Фристайл-могул: қазақстандық спортшылар 2026 жылғы Олимпиаданың финалы үшін екінші іріктеуде сынға түседі

Италияда өтіп жатқан 2026 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары аясында фристайл-могулдан әйелдер арасындағы іріктеу кезеңі өтті.
Бұл жарысқа Қазақстан құрамасының атынан үш спортшы қатысты. Алайда қазақстандық могулшылардың ешқайсысы финалға тікелей жолдама ала алмады.
Іріктеу қорытындысы бойынша Анастасия Городко 12-орынға, Юлия Галышева 14-орынға тұрақтаса, Аяулым Әмренова 20-нәтиже көрсетті. Осылайша, үш спортшы да іріктеудің екінші кезеңінде бақ сынайды.
Ереже бойынша фристайл-могулдан финалдық кезеңге шығу үшін іріктеуде үздік он спортшының қатарына ену қажет. Қалған қатысушылар екінші іріктеу кезеңінде финал жолдамасын сарапқа салады.
Айта кетейік, іріктеудің екінші кезеңі 11 ақпанда Астана уақытымен 15:00-де басталады. Ал финал 18:15-те өтеді.



