ҚЫСҚЫ СПОРТ
Чехиядағы Әлем кубогы: қазақстандық биатлоншылар жекелей сайысты аяқтады
Нове-Место қаласында өтіп жатқан биатлоннан Әлем кубогының кезекті кезеңі ерлер арасындағы жекелей жарыспен басталды. Бұл сайыста Қазақстан құрамасынан үш спортшы өнер көрсетті.
Жарыс қорытындысы бойынша Владислав Киреев 37-орынға тұрақтады. Әсет Дүйсенов мәреге 70-ші болып жетсе, Александр Мухин 75-нәтижені тіркеді.
Алтын жүлде франциялық Эрик Перро еншісіне тиді. Күміс медальді оның отандасы Эмильен Жаклен иеленсе, қола жүлдені италиялық Лукас Хофер қанағат тұтты.
23 қаңтар күні әйелдер арасындағы жекелей жарыс өтеді. Бұл бәсекеде Қазақстан атынан Айша Ракишева, Милана Генева және Дарья Климина жарыс жолына шығады. Жарыс Астана уақытымен 22:15-те басталады.



