ҚЫСҚЫ СПОРТ

ҚР ТСМ ұлттық құраманы ХХV қысқы Олимпиадаға дайындаудың кешенді жоспарын іске асырып жатыр

Туризм және спорт министрлігі 2026 жылғы 6–22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін ХХV қысқы Олимпиада ойындарына ұлттық құраманы сапалы дайындау үшін кешенді жоспар әзірлеп, оны жүзеге асыруда.

Алдын ала болжам бойынша, Қазақстан атынан Олимпиадаға шамамен 35 спортшы қатысады. Ұлттық құрама қысқы Олимпиаданың 10 спорт түрі бойынша өнер көрсетуді көздеп отыр. Олардың қатарында биатлон, конькимен жүгіру, мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы, фристайл-могул және фристайл-акробатика бар.

Қазіргі уақытта Қазақстан қоржынында мәнерлеп сырғанаудан екі ресми Олимпиада лицензиясы бар. Оларды Софья Самоделкина мен Михаил Шайдоров жеңіп алды. Сонымен қатар шорт-тректен – 9, конькимен жүгіруден – 12 лицензия иеленген. Ұлттық құраманың түпкілікті тізімі спортшылардың халықаралық жарыстардағы нәтижелеріне қарай қалыптастырылады. Олимпиадаға бөлінетін квоталардың нақты саны 2026 жылғы қаңтардың соңында белгілі болады.

Кешенді жоспар аясында министрлік республикалық спорт федерациялары және өңірлік әкімдіктермен бірлесіп дайындық үдерісін жүйелі түрде ұйымдастырды. Осы кезеңде қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалар 178 оқу-жаттығу жиынын өткізіп, 125 халықаралық жарысқа қатысты. Спортшыларға медициналық және психологиялық қолдау көрсетіліп, қаржыландыру, спорттық құрал-жабдықтар, тамақтану және білікті мамандармен жұмыс істеу толық қамтамасыз етілген.

Дайындық жұмыстарына әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарында тәжірибесі бар жоғары деңгейдегі шетелдік мамандар тартылды. Германия, Нидерланд, Испания, Словения, Польша, Ресей және Беларусь елдерінен келген 13 жетекші жаттықтырушы-кеңесші мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шаңғы жарысы, шорт-трек және биатлон бағыттары бойынша ұлттық құрамамен жұмыс жүргізіп жатыр.

Туризм және спорт министрлігі қазақстандық спортшылардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және төртжылдықтың басты додасында табысты өнер көрсетуі үшін барлық қажетті жағдайды жасауға бағытталған жүйелі жұмысын жалғастыра береді.

Басқа жаңалықтар

Back to top button