
Әзірбайжанның Баку қаласында 17 жасқа дейінгі спортшылар арасында күрес түрлерінен өткен әлем чемпионаты мәресіне жетті. Қазақстан құрамасы жарысты жоғары нәтижемен аяқтап, жалпы саны сегіз медаль жеңіп алды.
Ұлттық құрама қоржынына екі алтын, екі күміс және төрт қола жүлде түсті.
Еркін күрес бойынша Бақдәулет Ағабек (48 келіге дейін) әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ Мардан Орынбасар (60 келіге дейін) мен Әділет Рысбай (71 келіге дейін) қола медаль иеленді.
Грек-рим күресінде Дияр Аманәлі (55 келіге дейін) алтын жүлде жеңіп алды. Әли Алмас (48 келіге дейін) күміс медальға қол жеткізсе, Әлинұр Төлеуғали (71 келіге дейін) әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Әйелдер күресінде Айша Әбдімәлік (65 келіге дейін) күміс медаль иеленді. Ал Інжу Баққожа (46 келіге дейін) қола жүлдемен жарысты аяқтады.
Осылайша Қазақстан құрамасы U17 әлем чемпионатын 2 алтын, 2 күміс және 4 қола медальмен қорытындылап, жас балуандардың халықаралық аренадағы жоғары әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.



