
Қазақстанның жағажай футболынан ұлттық құрамасы Молдованың Кишинев қаласында өтіп жатқан Еуролиганың А дивизионындағы кезекті матчында Эстонияны 7:5 есебімен жеңді.
Кездесу нәтижелі өтіп, алғашқы кезеңнің өзінде жанкүйерлер бес голдың куәсі болды. Қазақстан құрамасы алғашқы бөлімді 3:2 есебімен өз пайдасына аяқтады. Кейінгі кезеңдерде де шабуылдағы басымдығын сақтап, қарсылас қақпасына тағы төрт доп соғып, маңызды жеңіске қол жеткізді.
Қазақстан құрамасы сапында Баянбек Мұралинов хет-трик авторы атанса, Артур Деринг пен Алан Мыңбаев дубль жасап, команданың жеңісіне елеулі үлес қосты.
Енді Қазақстан құрамасы Еуролиганың келесі кездесуін 3 тамызда өткізіп, Украина құрамасымен күш сынасады.



