
Қазақстандық балуан Бақдәулет Ағабек Әзірбайжанның Баку қаласында өтіп жатқан 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды.
48 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен еркін күрес шебері финалда Үндістан өкілі Аарьянмен белдесті. Қазақстандық балуан қарсыласына еш мүмкіндік бермей, 10:0 есебімен айқын жеңіске жетіп, әлем чемпионы атанды.
Бақдәулет Ағабек жарыс барысында жоғары деңгейдегі өнер көрсетіп, барлық белдесуінде сенімді күрес жүргізді. Финалдағы мерзімінен бұрын аяқталған жеңіс оның турнирдегі басымдығын тағы бір мәрте дәлелдеді.
Айта кетейік, бүгін, 1 тамызда 110 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін тағы бір қазақстандық балуан Сағындық Темірғали қола медаль үшін белдеседі.



