Қазақ баласы әлемдік рейтингте көтерілді

Халықаралық теннис федерациясы соңғы жарыстарды саралап, жасөспірімдер арасындағы әлемдік рейтингті жаңартты.
Оған сәйкес қазақстандық Әмір Омарханов өз кәсіпқой мансабында алғаш рет алдыңғы бестікке кірді. Нақтырақ айтқанда, қазір ол 4-ші сатыда тұр. Айта кету керек, 17 жастағы қазақ баласы бірер ай бұрын Қытайда өткен ITF Juniors турнирінде топ жарған болатын. Ол финалда ұлыбританиялық Оливер Бондингті жеңді. Әмір осылайша ITF Juniors турнирлерінде 6-шы мәрте жеңіске жетіп отыр. Атап айтқанда, Таиландта, Кореяда, Мысырда, Грузияда және өзінің туған жері Қарағандыда өткен жарыстарда да жеңімпаз атанды.
Жасөспірімдер арасындағы рейтингте тағы бір қазақстандық Заңғар Нұрланұлының да жағдайы жақсарған. Яғни, ол 36 саты жоғарылап, жалпы есепте 38-ші орынға жайғасты. Ал, Дамир Жалғасбай 84 сатыға көтеріліп, 112-ші орында тұрақтады.