
Қазақстандық көркем гимнаст Ақмарал Ерекешева Чехияның Брно қаласында өткен Гран-при кезеңін бес жүлдемен аяқтады.
Ерекешева бұған дейін жекелей көпсайыста 116,500 ұпай жинап, күміс медаль иеленген еді. Сондай-ақ ол жекелеген жаттығулардың төрт финалына да жолдама алды.
Шығыршықпен орындалатын жаттығуда қазақстандық гимнаст 29,150 ұпай жинап, алтын медаль жеңіп алды.
Доппен жаттығуда Ерекешева 28,000 ұпаймен екінші орынға тұрақтады. Ол ұршықтармен орындалатын жаттығуда 29,050, ал таспамен жаттығуда 27,600 ұпай жинап, тағы екі күміс медальға ие болды.
Осылайша, Ақмарал Ерекешева Брнодағы Гран-при турнирінде бір алтын және төрт күміс – барлығы бес медаль жеңіп алды.



