ҚХЛ: «Барыстың» сенсациялық жеңісі

Сенсациялық жеңіс. Құрлықтық хоккей лигасындағы «Барыстың» жетістігіне осындай баға беріліп жатыр. Астаналық клуб бұл жолы сырт алаңда мәскеулік «Динамомен» кездескен болатын.
Матч барысында «Барыс» сапындағы Антон Бурдасов екі мәрте мергендігімен көзге түсті. Яғни, алдымен 21-ші минутта есеп ашса, артынша 60-шы минутта бос қақпаға шайба соқты. Қорытынды нәтиже 2:0. Осылайша «Барыс» көптен күткен жеңісіне қол жеткізді. Яғни, бұған дейін Ғалым Мәмбеталиев баптайтын жігіттер қатарынан 8 рет жеңілген болатын. «Барыстың» бұл жолығы жеңісі турнир тізіміндегі орнына айтырлықтай әсер ете қойған жоқ. Қазақстандық команда 37 ойыннан кейін 23 ұпай жинап, Шығыс Конференциясының 11-ші сатысында тұр.
«Барыс» енді келесі кездесуін ертең өткізеді. Тағы да сырт алаңда Бейжің қаласының «Кунлунь» клубымен жолығады.

Еске сала кетейік, соңғы кезде астаналық клубта үлкен өзгерістер болып жатыр. Ұзақ жылдар бойы тапжылмай отырған бас директоры Борис Иванищев отставкаға кетті. Оның орнына Нұрлан Оразбаев тағайындалды. Ал, бас бапкер қызметіне жоғарыда айтқан Ғалым Мәмбетәлиев келді. Ол командадағы бірнеше легионермен қош айтысып, жергілікті ойыншыларды көбірек шығарып жүр.