Астанада Халықаралық Олимпиада күніне арналған Barys Fest турнирі өтті

Астанадағы «Барыс Арена» мұз сарайында Халықаралық Олимпиада күніне орай балалар арасында хоккейден Barys Fest турнирі ұйымдастырылды.
Аталған жарысты Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті мен «Барыс» хоккей клубы бірлесіп өткізді.
Турнирге елорданың сегіз командасы қатысты. Кездесулер кросс-айс форматында өтті. Бұл — көлемі кішірейтілген мұз айдынында ойналатын формат. Мұндай жүйе жас хоккейшілердің шайбамен жиі жұмыс істеуіне, жылдам шешім қабылдауына және ойын барысында мол тәжірибе жинауына мүмкіндік береді.
Турнир барысында командалар жоғары шеберлік пен жеңіске деген жігер көрсетті. Ойындар өзара құрмет пен әділ бәсеке рухында өтіп, достық, сыйластық және үздік нәтижеге ұмтылу секілді олимпиадалық құндылықтарды насихаттады.
Айта кетейік, Халықаралық Олимпиада күні жыл сайын 23 маусымда атап өтіледі. Бұл дата 1894 жылы Халықаралық Олимпиада комитетінің құрылуына байланысты бекітілген. Мерекенің басты мақсаты — спорт пен олимпиадалық құндылықтарды кеңінен дәріптеу.



