«Барыс» легионерсіз жеңіске жетті
Хоккейшілеріміз кезекті жеңісімен қуантты. Астаналық клуб бұл жолы Ресейдің Нижнекамск қаласына барып, «Нефтехимик» клубымен кездескен еді. Матч барысында Әлихан Әмірбеков пен Кирилл Панюков гол соқты. Екеуі де өзіміздің жігіттер. Яғни, легионер емес. Қорытынды есеп: 2:1. «Барыс» жеңіске жетті және жігіттер кезекті рет ешкімнен кем еместігін дәлелдеді.
Біреу білсе, біреу білмес, «Барыс» командасында үлкен өзгеріс болып жатыр. Ұзақ жылдар бойы тапжылмай отырған бас директоры Борис Иванищев отставкаға кетті. Оның орнына Нұрлан Оразбаев тағайындалды. Ал, бас бапкер ресейлік Вячеслав Буцаев орнына қазақстандық Ғалым Мәмбетәлиев келді. Ғалым ә дегеннен командадағы легионерлермен қош айтысып, жергілікті ойыншыларды шығарып жүр. Соның арқасында турнир тізіміндегі жағдайын сәл де болса жақсарды.