Қазақ балаларының тарихи жетістігі

Қазақ балалары алғаш рет Дэвис Кубогының ширек финалына шықты. Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты дәл қазір Түркияның Анталия қаласында өтіп жатыр.
Топтық кезең аясында Қазақстан құрамасы Гонконг өкілдерімен жолығып, уақытынан бұрын жеңіске жетті. Яғни, ең алдымен кордқа ұлттық құрама сапындағы Дамир Жалғасбай шықты. Ал, оның қарсыласы Сию Чи Николас Ченг есімді спортшы. Матч 3 сағатқа жуық уақытқа созылды және нәтижесінде жерлесіміз 6-2, 4-6, 6-3 есебімен жеңіске жетті.
Артынша қос елдің нөмірі бірінші теннисшілері кездесті. Еліміз атынан Заңғар Нұрланұлы , ал, Гонконг атынан Джек Ченг өнер көрсетті. Бұл сында Заңғар айқын басымдық танытты. Қорытынды есеп: 6-3, 6-0. Осылайша, жұптық бәсекенің нәтижесіне қарамастан Қазақстан құрамасы мерзімінен бұрын ширек финалға жолдама алып қойды.
Жоғарыда айтқандай, ұлттық командамыз үшін бұл тарихи жетістік саналады. Ал, келесі қарсыластарымыз әзірге белгісіз. Анталия қаласындағы әлемдік аламан 17-ші қарашаға дейін жалғасады.