ркін күрес: Қазақстан құрамасы жаңа маусымға дайындықты бастады

Еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Данияр Қайсанов алдағы маусымға арналған жоспарлармен бөлісті. Бұл туралы Қазақстан күрес федерациясы мәлім етті.
Маманның айтуынша, ұлттық құрама алғашқы оқу-жаттығу жиынын Алматы қаласында өткізіп жатыр. Дайындық барысы жоспарға сай өтуде, құраманың негізгі балуандары толық жиналған.
Алғашқы халықаралық сын – Албанияда өтетін Muhamet Malo турнирі. Одан кейін Беларусь астанасы Минскіде ұйымдастырылатын Медведев турнирі күтіп тұр. Бұл жарыстар Азия чемпионатына дайындықтың бастапқы кезеңі болмақ.
Қайсановтың айтуынша, аталған турнирлер арқылы балуандардың қазіргі деңгейі бағаланып, тәжірибесін арттыру және техникалық қателіктерге талдау жасалады.
Сонымен қатар ұлттық құраманың бапкерлік штабы да жасақталды. Федерация шешімімен аға жаттықтырушы қызметіне Аслан Байгулов тағайындалды. Ал жаттықтырушылар құрамында Нұрлан Бекжанов, Жігер Зәкіров және Камал Гаджимагомедов жұмыс істейді.
Бас бапкер жаңа қызметтің жауапкершілігі жоғары екенін атап өтіп, енді жеке нәтижеден гөрі тұтас ұлттық құраманың көрсеткішіне жауап беретінін айтты. Оның сөзінше, тәжірибелі мамандардан құралған штаб алдағы уақытта команданың нәтижесін жақсартуға күш салады.



