
Біріккен күрес әлемі (UWW) Жапонияның Аичи-Нагоя аймағында өтетін 2026 жылғы жазғы Азия ойындарына қатысатын балуандардың тізімін жариялады.
Қазақстан құрамасы құрлықтық додада еркін күрес, грек-рим күресі және әйелдер күресінен сынға түседі. Әр бағыт бойынша алты балуаннан, барлығы 18 қазақстандық спортшы жарысқа қатысады.
Еркін күрестен 57 келіге дейінгі салмақта Нұрданат Айтанов, 65 келіде Начын Куулар, 74 келіде Нұрқожа Қайпанов ел намысын қорғайды. Сондай-ақ 86 келіде Азамат Дәулетбеков, 97 келіде Ризабек Айтмұхан және 125 келіде Едіге Қасымбек бозкілемге шығады.
Грек-рим күресінен Ернұр Фидахметов 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді. 67 келіде Мейіржан Шермаханбет, 77 келіде Демеу Жадыраев, 87 келіде Шамиль Ожаев сынға түседі. 97 келіде Ислам Евлоев, ал 130 келіге дейінгі салмақта Олжас Сырлыбай Қазақстан атынан күреседі.
Әйелдер құрамасында 50 келіге дейінгі салмақта Зейнеп Баянова, 53 келіде Шұғыла Өмірбек, 57 келіде Нилуфар Раимова бақ сынайды. 62 келіде Ирина Кузнецова, 68 келіде Жәмила Бақбергенова және 76 келіде Эльмира Сыздықова жарысқа қатысады.
2026 жылғы Азия ойындары аясындағы күрес бәсекелері 30 қыркүйекте басталады.



