
АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтіп жатқан 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы грек-рим күресінен тағы үш медаль жеңіп алды.
87 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Темірлан Тұрдақын күміс жүлдегер атанды. Қазақстандық балуан финалдық белдесуде ирандық Ясин Али Яздиге жол берді.
Сонымен қатар Арсен Жұма 55 келіге дейінгі салмақта қола медаль жеңіп алды. Ал аса ауыр салмақта, 130 келіге дейінгі дәрежеде белдескен Жохар Узаров та әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.
Бұған дейін Қазақстан құрамасының екі өкілі әлем чемпионы атанған болатын. Айбек Айтбеков 60 келіге дейінгі салмақта алтын медаль жеңіп алса, Юсуф Ашрапов 72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде үздік шықты.
Осылайша, грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы U23 әлем чемпионатында бес медаль еншіледі. Оның екеуі алтын, біреуі күміс және екеуі қола.



