Қазақстандық жас балуандар Қытайдағы халықаралық оқу-жаттығу лагеріне қатысады

7-16 шілде аралығында Қытайдың Гуанчжоу қаласында Азия Олимпиадалық кеңесі (АОК) мен Біріккен күрес әлемі (UWW) ұйымдарының бастамасымен жастарға арналған оқу-жаттығу лагері және жаттықтырушыларға арналған білім беру курсы өтеді. Бағдарлама Olympic Solidarity құрлықтық жобасы аясында ұйымдастырылады.
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің қолдауымен халықаралық жобаға еліміздің үш өкілі қатысады. Олар – 15 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпионы Ермек Самға, осы жас санатындағы Азия чемпионатының екі дүркін жүлдегері Арина Қуанышова және әйелдер күресінің жаттықтырушысы Меруерт Дынбаева.
Бағдарламаға Азияның түкпір-түкпірінен 17 жасқа дейінгі дарынды балуандар мен жас жаттықтырушылар жиналады. Тоғыз күн бойы спортшылар техникалық, тактикалық және дене дайындығын жетілдірсе, бапкерлер жас спортшыларды даярлаудың заманауи әдістемелеріне арналған арнайы оқу курсынан өтеді.
Оқу-жаттығу лагері барысында халықаралық тәжірибе алмасуға, күресті дамытуға және жаттықтырушылардың кәсіби біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылады. Сонымен қатар қатысушылар олимпиадалық құндылықтар, спортшылардың қауіпсіздігі (Safeguarding), допингке қарсы саясат, жарыстардың адалдығын сақтау, психикалық саулық және спорттық тамақтану тақырыптарында білім алады.
Дәрістер мен практикалық сабақтарды Біріккен күрес әлемінің жетекші мамандары жүргізеді. Олардың қатарында Олимпиада жүлдегерлері, әлем чемпиондары және күрестің түрлі бағыттары бойынша халықаралық сарапшылар бар.
Бағдарлама қазақстандық спортшылардың халықаралық деңгейде тәжірибе жинақтауына, ал жаттықтырушының жас балуандарды даярлаудың озық әдістерін меңгеріп, оларды ұлттық құрамамен жұмыс барысында қолдануына мүмкіндік береді.



