Бес қазақстандық балуан Ұлан-Батырдағы турнирде қола медаль үшін белдеседі

Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен халықаралық рейтингтік турнирде бес қазақстандық спортшы қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды.
Жарыстың кезекті күнінде грек-рим және әйелдер күресінің өкілдері кілемге шықты. Нәтижесінде Қазақстан құрамасының бес балуаны үшінші орын үшін өтетін белдесулерге жолдама алды.
Грек-рим күресінен 63 келіге дейінгі салмақта Еркебұлан Ардақов қола медаль үшін Оңтүстік Корея өкілі Хёнун Чхвемен кездеседі. Ал 130 келіге дейінгі салмақта Олжас Сырлыбай Үндістан балуаны Джогиндер Ратхиге қарсы белдеседі.
Әйелдер күресінде 50 келіге дейінгі салмақта Марал Тәңірбергенова Үндістан спортшысы Ниламмен күш сынасады. 57 келіге дейінгі салмақта Нилуфар Раимова Сингапур өкілі Даниэль Сью Чинг Лиммен қола жүлдені сарапқа салады.
Сондай-ақ 72 келіге дейінгі салмақта Қазақстан құрамасының тәжірибелі балуаны Жәмила Бақбергенова үшінші орын үшін Моңғолия спортшысы Одгэрэл Эрдэнэ-Очирмен кездеседі.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Ұлан-Батырдағы рейтингтік турнирде тағы бірнеше жүлдеге қол жеткізу мүмкіндігін сақтап отыр.



