
Қазақстандық балуан Бағдат Сабаз Астанада өтіп жатқан грек-рим күресінен әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.
67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен отандасымыз үшінші орын үшін өткен кездесуде Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, Әзербайжан өкілі Хасрат Джафаровпен кездесті.
Тартысты белдесу 8:5 есебімен Бағдат Сабаздың пайдасына аяқталды. Осы жеңістің арқасында қазақстандық балуан әлем чемпионатының қола медалін жеңіп алды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы грек-рим күресінен әлем чемпионатындағы өнерін үш қола жүлдемен қорытындылады.
Бұған дейін 55 келі салмақта Исхар Курбаев, ал 60 келіде Айдос Сұлтанғали қола медаль иеленген болатын. Бағдат Сабаз ұлттық құраманың үшінші жүлдегері атанды.



