
Қазақстандық үстел теннисшісі Жания Бекмұхамбетова Италияның Линьяно қаласында өткен WTT Youth Contender халықаралық турнирінде екінші орын иеленді.
Отандасымыз 13 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы жекелей сында финалға дейін жетіп, күміс жүлдегер атанды.
Жарыс барысында Жания Бекмұхамбетова бес қарсыласын жеңді. Ол италиялық Виктория Тамини мен Майя Павелді, румыниялық Диана Бурлакуны, аустралиялық Алисса Йенгті және испаниялық Кармен Гоместі бірдей 3:0 есебімен ұтты.
Финалдық кездесуде қазақстандық спортшы Жапония өкілі Каэдэ Нэямен шеберлік байқасты. Шешуші матчта Бекмұхамбетова 1:3 есебімен жеңіліп, турнирді екінші орынмен аяқтады.
Осылайша, Жания Бекмұхамбетова Италиядағы халықаралық жарыста бес жеңіске жетіп, Қазақстан құрамасының қоржынына күміс медаль салды.



