Грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы жаңа маусымға дайындықты бастады

2025 жылғы спорттық маусым аяқталғанымен, грек-рим күресінен Қазақстан ұлттық құрамасы алдағы жарыстарға дайындықты бастап кетті.
Бұл туралы ұлттық құраманың бас бапкері Қонысбек Кәрімұлы Olympic.kz сайтына берген сұхбатында мәлімдеді.
Бас бапкердің айтуынша, ұлттық құрама алдымен Таиландта қалыпқа келтіру бағытындағы оқу-жаттығу жиынына қатысқан. Бұл жиынға Азия және әлем чемпионаттарында жүлде алған балуандар шақырылған. Одан кейін құраманың шамамен 80 пайызы Бурабай аймағында өткен жалпы дене дайындығына арналған жиынға қатысты.
Алдағы жоспарға сәйкес, 12–30 қаңтар аралығында Түркістан облысы аумағында кезекті оқу-жаттығу жиыны өтеді. Одан кейін балуандар Загреб қаласында ұйымдастырылатын рейтингілік турнирге қатысады. Бұл жарыстың негізгі мақсаты — арнайы дене дайындығынан кейін спортшылардың қазіргі деңгейін бағалау.
Рейтингілік турнирден соң, 9–25 ақпан аралығында дәл сол Хорватияда бірлескен халықаралық оқу-жаттығу жиынын өткізу жоспарланған. Сонымен қатар алдағы Азия ойындарына іріктеу турнирін Қазақстан аумағында ұйымдастыру мәселесі қарастырылып жатыр. Алайда бұл жоспар әлі нақты бекітілмеген.



