ТЕННИС
Ролан Гаррос: Александр Шевченко іріктеу финалына шықты

Александр Шевченко Ролан Гаррос турнирінің іріктеу кезеңінде екінші жеңісіне қол жеткізіп, финалға жолдама алды, деп хабарлайды SportM.kz.
Әлемнің 97-ракеткасы атанған қазақстандық теннисші франциялық Матис Эрармен (ATP №268) тартысты матч өткізді. Бірінші партияда қарсыласы 6:3 есебімен басым түскенмен, екінші сетте Шевченко дәл сондай есеппен жауап қайтарды – 6:3.
Шешуші үшінші партия тай-брейкке ұласып, Александр 7:6 (10:5) есебімен жеңісті жұлып алды. Екі сағат 49 минутқа созылған кездесуде қазақстандық спортшы бір эйс жасап, 12 брейк-пойнттың алтауын тиімді пайдаланды.
Шевченко енді Ролан Гаррос турнирінің негізгі кезеңіне шығу үшін австриялық Филип Мисоличпен (ATP №155) кездеседі.