Ұлттық спорт күні аталып өтті

Жыл өткен сайын ұлттық спорттарымызға көңіл бөлініп, дамытуы мен дәріптеуі бір жолға түсіп келеді. Ал, Парламент қабырғасында қаралып жатқан заң жобасы алдағы уақытта саладағы проблемаларды жүйелі реттеуге мүмкіндік береді.
Бұл жөнінде спортқа жауапты министрлік өкілдері мәлімдеді. Күні кеше Астанада Ұлттық спорт күніне арналған ауқымды шара өтті. Айта кетейік, Мемлекет басшысының бастамасымен былтыр Наурызды мерекелеудің арнайы күнтізбесі жасалған болатын. Оған сәйкес, 20-наурыз «Ұлттық спорт күні» ретінде бекітілді. Сәйкесінше, дәл осы күні ұлттық спорттарымыз бойынша әртүрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырылып, кеңінен насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді. Бұған қоса, дәл осы дата аясында саладағы көкейкесті мәселелер де көтеріліп, оларды шешудің тетіктері талқыланады. Тіпті, былтыр осы мақсатта арнайы мониторингтік топ құрылып, барлық өңірді аралап шыққан болатын. Енді соның қорытындысы бойынша кешенді шаралар қолға алынып жатыр.
«Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен былтыр Наурызды мерекелеудің арнайы күнтізбесі бекітілді. Наурызнама күнтізбесіне сәйкес, 20 наурыз – Ұлттық спорт күні. Бұл күні ұлттық ойындарымыз, төл спортымыз дәріптеледі. Ұлттық спорт – ұлтымыздың қазынасы, бірлік пен берекенің, батылдық пен батырлықтың бастауы. Мұнда ұлттық рух, жеңіске деген жанкештілік, тарихқа деген адалдық бар. Сондықтан ұлттық спортты дәріптеу, дамыту – қашанда маңызды», – деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.