Қазақстан көкпардан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының күміс жүлдегері атанды

Қазақстан құрамасы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпардан күміс медаль иеленді. Финалда ұлттық құрама Қырғызстанға 2:7 есебімен есе жіберді.
Қазақстан финалға дейін екі кездесу өткізіп, екеуінде де жеңіске жетті. Топтық кезеңде Ресей құрамасын 14:1 есебімен ұтқан қазақстандық көкпаршылар кейін Мажарстаннан 9:4 есебімен басым түсті. Нәтижесінде ұлттық құрама В тобында бірінші орын алып, финалға жолдама алды.
Чолпон-Атадағы «Көк-Бөрі» алаңында өткен шешуші кездесуде есепті алғашқы минутта Қырғызстан құрамасы ашты. Қазақстан сапынан Құрманбек Тұрғанбек тоғызыншы минутта есепті теңестірді.
Одан кейін алаң иелері екі рет нәтижелі шабуыл жасап, 3:1 есебімен алға шықты. 13-минутта Ынтымақ Әліпбаев салым жасап, есеп айырмасын қысқартты. Бірінші тайм 3:2 есебімен Қырғызстанның пайдасына аяқталды.
Екінші таймда Қазақстан құрамасы нәтижелі шабуыл ұйымдастыра алмады. Қырғызстан көкпаршылары жауапсыз төрт салым жасап, қорытынды есепті 7:2-ге жеткізді.
Осылайша, Қырғызстан құрамасы алтын медаль жеңіп алса, Қазақстан күміс жүлдеге ие болды. Қола медаль үшін өткен кездесуде Ресей Өзбекстанды 5:4 есебімен жеңді.
Бас демеуші: Самұрық-Қазына қоры
Бас серіктес: Спортты қолдау қоры



