ТРЕНДТЕҰЛТТЫҚ СПОРТ

Қазақстандық спортшылар салбууруннан Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында үш алтын жеңіп алды

Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында салбуурун бойынша жарыстар аяқталды. 2–5 қыркүйек аралығында Қырчын шатқалындағы Спорт қалашығында өткен бәсекелерде Қазақстан өкілдері үш алтын, төрт күміс және төрт қола медаль иеленді.

Құс салудан Серікболсын Жалғасұлы жеңімпаз атанып, Қазақстан қоржынына алтын медаль салды. Бүркіт салудан Арман Құшқаров екінші орынға ие болды.

Далба ойнатудан Бақдәулет Бабажан күміс, Ерлан Кенжетаев қола жүлде жеңіп алды.

Дәстүрлі садақ атудың қырғыз ережесі бойынша әйелдер арасында қазақстандықтар алғашқы екі орынды иеленді. Әсемгүл Ғалымжанова алтын медаль жеңіп алса, Айкөркем Батихан күміс жүлдегер атанды.

Түрік ережесі бойынша садақ атудан әйелдер арасында Аяш Қабдоллаева бірінші орын алды. Ерлер бәсекесінде Қазақстан өкілі Али Сессигюзел қола жүлдеге ие болды.

Ат үстінде садақ атудың венгр стилінде ерлер арасында Абзал Түлібеков үшінші орынға тұрақтады. Әйелдер арасында Аружан Ықсан күміс медаль жеңіп алды.

Осылайша, Қазақстан өкілдері салбуурун бағдарламасындағы жарыстарды үш алтын, төрт күміс және төрт қола медальмен аяқтады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button