Азия ойындарына 10 күн қалды

Қытайдың Харбин және Ябули қалалары алдағы аптада қысқы спорттар бойынша жылдың басты бәсекесін қабылдайды.
Оған 34 елдің өкілдері қатысады. Араларында қазақстандық қыз-жігіттер де бар. Биылғы байрақты бәсекеге бас-аяғы 137 спортшымыз аттанады. Олар 10 спорт түрінде жүлдеге таласып көрмек. Жарыстың ресми ашылу салтанаты 7-ші ақпанға жоспарланып отыр және онда көк туымызды ұстап шығатын спортшылар да белгілі болады. Бұл құрмет хоккейші Әділ Бекетаев пен шорт-трек шебері Ольга Тихонова бұйырды.
Бұған дейінгі Қысқы Азия ойындары 2017 жылы Жапонияда өтті. Ол кезде Қазақстан құрамасы 32 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте төртінші орынға тұрақтады. Биыл да сол көрсеткешті қайталау жоспарланып отыр. Яғни, жарыс қорытындысы бойынша қалай да алдыңғы бестікке кіруіміз керек. Ел намысын қорғайтын ұлттық құрама өкілдері қазір қызу дайындық жүргізіп жатыр.