ҚЫСҚЫ СПОРТ

Щучьеде шаңғы жарысынан 50-ге жуық жаттықтырушы біліктілігін арттырды

Ақмола облысының Щучье қаласында шаңғы жарысынан жаттықтырушыларға арналған екі күндік техникалық оқу курсы ұйымдастырылды. Оған Қазақстанның әр өңірінен келген 50-ге жуық маман қатысты.

Оқу-жаттығу шарасы қысқы спорт түрлері бойынша Олимпиадалық даярлау орталығында өтті. Курсты Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті Olympic Solidarity бағдарламасы аясында Ұлттық шаңғы қауымдастығымен бірлесіп ұйымдастырды.

Семинардың негізгі дәріскері халықаралық тәжірибесі мол норвегиялық маман Тронд Нюстад болды. Ол бұған дейін Норвегия, АҚШ, Австрия және Швейцарияның шаңғы жарысынан ұлттық құрамаларымен жұмыс істеген.

Екі күндік бағдарлама барысында спортшыларды даярлаудың заманауи әдістеріне басымдық берілді. Атап айтқанда, әртүрлі жас санатындағы шаңғышылардың жаттығу жүктемесін жоспарлау, төзімділік пен күшті дамыту, сондай-ақ қозғалыс биомеханикасын тиімді пайдалану мәселелері қарастырылды.

Оқу курсы теориялық дәрістермен қатар тәжірибелік сабақтарды да қамтыды. Қатысушылар спортшылардың жас ерекшелігі мен дайындық деңгейіне сәйкес жаттығу үдерісін ұйымдастыру тәсілдерін талқылады.

Практикалық бөлімде жаттықтырушылар түрлі жаттығуларды орындап, норвегиялық маманнан кәсіби кеңес алды. Сонымен бірге өңірлерден келген мамандар өзара тәжірибе алмасып, шаңғышыларды даярлау барысында кездесетін мәселелерді талқылауға мүмкіндік алды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button