
Қазақстандық футзал төрешілері Төрехан Тұрсынбаев пен Нұрлыбек Қалимаганбетов УЕФА Чемпиондар лигасының 2026/27 жылғы маусымындағы 1/8 финал матчына тағайындалды.
Отандастарымыз 23 қарашада Швейцарияның Берн қаласында өтетін «Футзал Минерва» (Швейцария) мен «Столица Минск» (Беларусь) командалары арасындағы кездесуде қызмет атқарады.
Матч жергілікті уақыт бойынша сағат 18:30-да Sporthalle Weissenstein спорт кешенінде басталады.
Төрехан Тұрсынбаев кездесудің үшінші төрешісі міндетін атқарса, Нұрлыбек Қалимаганбетов ойынның хронометристі болады.
Кездесудің бас төрешісі болып Англия өкілі Питер Нерс тағайындалған. Оған отандасы Оливер Баллинджер көмектеседі. Ал төрешілер инспекторы қызметін словениялық Стефан Тиволд атқарады.
Қазақстандық мамандардың УЕФА-ның клубтық жарысына тағайындалуы олардың халықаралық деңгейдегі тәжірибесін арттыруға мүмкіндік береді.
Қазақстан футбол федерациясы футзал төрешілерінің кәсіби біліктілігін жетілдіру, техникалық дайындығын күшейту және халықаралық жарыстарға қатысуына жағдай жасау бағытындағы жұмысты жалғастырып келеді.



