БАСҚАЛАРЫТРЕНДТЕ

Астанада конкурдан әлем кубогының Еуразиялық лигасы аяқталды: қазақстандық шабандоздар екі жүлде жеңіп алды

Астанадағы «Арғымақ» ат спорты кешенінде конкурдан FEI әлем кубогы Еуразиялық лигасының финалдық жарысы өтті. Халықаралық турнирге Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Грузия және Ресей спортшылары қатысты.

Жарыстың негізгі бәсекесінде, биіктігі 155 сантиметрлік кедергілері бар маршрутта қазақстандық Олег Соколенко күміс жүлдегер атанды. Ол Cinderella атты сәйгүлігімен екінші орын алды.

Бұл сында Өзбекстан өкілі Бекзод Курбанов Matts V.G. сәйгүлігімен жеңіске жетті. Ал Ксения Хайрулина Gentleman De Beaulieu атты атымен үшінші орынға тұрақтады.

Қазақстан құрамасының қоржынына тағы бір жүлдені Аян Ғани салды. Ол 135 сантиметрлік кедергілері бар маршрутта Quattro VDB сәйгүлігімен екінші нәтиже көрсетті.

Аталған бәсекеде қырғызстандық Ринат Галимов Enrique PKZ атымен жеңімпаз атанды. Үшінші орынды Santos Hipica сәйгүлігімен өнер көрсеткен өзбекстандық Бекзод Курбанов иеленді.

Халықаралық турнирдің құрметті қонағы ретінде Астанаға Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) президенті, Халықаралық Олимпиада комитетінің мүшесі Ингмар Де Вос келді. Ол жарыстың ұйымдастырылу деңгейін жоғары бағалап, Қазақстандағы ат спортының даму мүмкіндіктеріне тоқталды.

«Жарыс өте тартысты өтті, бәсекелестік жоғары болды. Қазақстанның және тұтас өңірдің әлеуеті зор. Мұнда қажетті инфрақұрылым, жақсы сәйгүліктер мен мықты шабандоздар бар. Қазақстанның ат спортын одан әрі дамытып, Еуразия аймағындағы орнын нығайтуға толық мүмкіндігі жетеді. Елде өтетін ірі халықаралық турнирлердің болашағы зор екеніне сенімдімін», – деді Ингмар Де Вос.

Қазақстан ат спорты федерациясының президенті Рустам Баялиев биыл елде әлем кубогының үш кезеңі ұйымдастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, қараша айында конкурдан жасөспірімдер мен юниорлар арасындағы Қазақстан біріншілігі, ересектер арасындағы ел чемпионаты және паралимпиадалық мәнерлеп жүруден Қазақстан чемпионаты өткізілген.

Сонымен қатар федерация келесі жылы елімізде Олимпиада ойындарына іріктеу турнирін ұйымдастыруды жоспарлап отыр.

«Қазақстандық шабандоздар халықаралық жарыстарда өздерін сенімді көрсетіп жүр. Келесі жылы әлем кубогының кезеңі аясында Олимпиада ойындарына жолдама берілетін арнайы іріктеу турнирін өткізуге ресми өтінім бердік», – деді Рустам Баялиев.

FEI мен Еуразиялық ат спорты қауымдастығының қолдауымен өткен жарыс 2027 жылы Мәскеуде ұйымдастырылатын Еуразия ойындарына дайындық кезеңінің бір бөлігі саналады.

Осылайша, Астанадағы әлем кубогының Еуразиялық лигасы финалында Қазақстан шабандоздары екі күміс медаль жеңіп алып, халықаралық маусымды жүлделі нәтижемен қорытындылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button