
Қазақстан құрамасы Өзбекстан астанасы Ташкентте аяқталған дзюдодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында екі медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте жетінші орынға ие болды.
Әлем біріншілігінде қазақстандық спортшылар бір алтын және бір қола жүлде еншіледі. Екі медаль да ұлдар арасындағы 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңіп алынды.
Санжар Еруланұлы аталған салмақта әлем чемпионы атанды. Ол финалдық белдесуде жапониялық Шокей Хираноны жеңіп, Қазақстан құрамасының қоржынына алтын медаль салды.
Осы салмақта өнер көрсеткен тағы бір қазақстандық дзюдошы Асқар Біржанов қола жүлдеге қол жеткізді. Ол үшінші орын үшін өткен белдесуде Никита Юдановтан басым түсті.
Қазақстан құрамасының тағы бір өкілі Әділжан Жаудинов 100 келіден жоғары салмақ дәрежесінде жүлдеге жақын болды. Алайда ол жарысты бесінші орынмен аяқтады.
Әлем чемпионатының соңғы күнінде аралас командалық жарыстар ұйымдастырылды. Қазақстан құрамасы алғашқы айналымда Жапониямен кездесіп, 0:4 есебімен жеңіліп, жарыс жолынан шықты.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Ташкенттегі әлем біріншілігін екі медальмен қорытындылап, жалпыкомандалық есепте жетінші сатыға тұрақтады.



