Қазақстан құрамасының триатлоннан Азия чемпионатына қатысатын спортшылары анықталды

Қытайдың Сюйчжоу қаласында 13-14 маусым күндері триатлоннан Азия чемпионаты өтеді. Құрлықтық додада Қазақстан құрамасының спортшылары бірнеше жас санаты бойынша бақ сынайды.
Чемпионат бағдарламасына «суперспринт» дисциплинасы енгізілген. Жүлделер ересектер, жасөспірімдер және 15 жасқа дейінгі спортшылар арасында сарапқа салынады.
World Triathlon халықаралық федерациясының алдын ала мәліметіне сәйкес, Қазақстан құрамасының ересектер құрамында Арлан Жаңабай, Темірлан Теміров, Дарын Қонысбаев, Егор Крупяков, Александр Тен, Аян Бейсенбаев және Диана Ержанова өнер көрсетеді.
Жасөспірімдер санатында Гор Депершмидт, Рамазан Әйнегов, Еламан Балабаев, Альхам Мұрат, Калерия Шнейдер және Алуа Нұрмұхамет ел намысын қорғайды.
Ал U15 жас деңгейінде Матвей Павлов, Хайдар Исмаилбаев, Айтуған Күмікбаев, Александр Суховольский, Алтынай Нұрланқызы және Ясмина Бузуртанова жарыс жолына шығады.
Қазақстандық триатлоншылар құрлық біріншілігінде жоғары нәтижеге қол жеткізіп, халықаралық рейтингтегі орындарын жақсартуға мүмкіндік алады. Азия чемпионаты екі күнге созылып, құрлықтың үздік спортшыларын бір алаңға жинамақ.



