Қазақстан мен Моңғолия туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықты күшейтеді

Елордада Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Моңғолияның Мәдениет, спорт, туризм және жастар министрі Алдаржавхлан Жуковпен кездесті. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы туризм және спорт салаларындағы серіктестіктің қазіргі жағдайы мен оны дамыту мүмкіндіктерін талқылады.
Министр Қазақстан мен Моңғолия арасындағы ынтымақтастықтың әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, ұлттық спорт түрлерін дамыту және халықаралық деңгейде ілгерілету бағытындағы бірлескен жұмыстың маңызын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, Моңғолия дәстүрлі күрес, ат жарысы және садақ атумен танымал, ал бұл спорт түрлері Наадам фестивалінің негізгі бөлігі саналады. Сондай-ақ моңғол спортшылары күрес, дзюдо және бокс бойынша халықаралық ареналарда тұрақты жоғары нәтиже көрсетіп келеді.
Осы ретте Ербол Мырзабосынов ұлттық ат спортын дамыту мақсатында Моңғолия аумағында халықаралық жарыстар ұйымдастыруды ұсынды.
Кездесу барысында білім беру саласындағы ынтымақтастық мәселелері де қозғалды. Астанада ашылатын Ұлттық спорт университетінің мүмкіндіктері таныстырылып, шетелдік талапкерлерді қабылдау басталғаны айтылды. Бұл оқу орны спорт ғылымын, медицинаны және цифрлық технологияларды біріктіретін заманауи ғылыми-білім беру орталығы болмақ.
Сонымен қатар туризм саласындағы әріптестік те назардан тыс қалған жоқ. Министрдің айтуынша, соңғы жылдары екі ел арасындағы туристік ағын айтарлықтай артқан. 2023–2025 жылдары Моңғолиядан Қазақстанға келушілер саны жыл сайын 40 мыңнан асқан, ал қазақстандықтардың Моңғолияға сапары да көбейіп келеді.
Айта кетейік, Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсухтың мемлекеттік сапары аясында 2026–2027 жылдарға арналған мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жоспарына қол қойылған.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар туризм және спорт салаларындағы байланысты нығайтуға, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға және тәжірибе алмасуды кеңейтуге дайын екендерін білдірді.



