Серік Жарасбаев Virtus федерациясы басшысымен келіссөз жүргізді

Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев Халықаралық Virtus федерациясының президенті әрі Халықаралық Паралимпиада комитеті (IPC) Басқарушы кеңесінің мүшесі Робин Смитпен кездесті.
Келіссөз барысында зияткерлік даму ерекшеліктері бар жандарға арналған спортты дамыту, халықаралық паралимпиадалық қозғалыспен әріптестікті күшейту және қазақстандық спортшыларды Пара Азия ойындары мен Паралимпиадаға дайындаудың негізгі бағыттары сөз болды.
Вице-министр Қазақстан Орталық Азия мемлекеттері ішінде алғашқылардың бірі болып Virtus халықаралық федерациясына қабылданғанын атап өтті.
Тараптар сондай-ақ өңірде теңдесі жоқ инклюзивті спорттық-оңалту орталығын салу бастамасын талқылады. Жоба жүзеге асса, нысан ұлттық құрама үшін оқу-жаттығу базасына айналып, көрші елдерге арналған әдістемелік алаң қызметін атқарады.
Кездесу қорытындысында екі жақ ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендерін жеткізді. Атап айтқанда, болашақта аталған орталық базасында Орталық Азия және ТМД елдерінің жаттықтырушылары мен классификаторларына арналған Virtus оқу семинарларын өткізу мүмкіндігі қарастырылмақ.
Робин Смиттің Қазақстанға сапары инклюзивтілік, тең мүмкіндіктер және паралимпиадалық спортты жүйелі дамыту бағытындағы халықаралық әріптестіктің нығая түскенін көрсетеді.



