БОКС
Астанада өтетін 2027 жылғы әлем чемпионатына дайындық талқыланды

World Boxing ұйымының президенті Геннадий Головкин, бас хатшы Том Дилен және Қазақстан бокс федерациясының басшылығы арнайы кездесу өткізіп, 2027 жылы Астанада ұйымдастырылатын бокстан әлем чемпионатына дайындық мәселелерін қарастырды.
Жиын барысында алдағы турнирді өткізуге қатысты негізгі ұйымдастырушылық жұмыстар, инфрақұрылым және жарысты жоғары деңгейде өткізуге бағытталған жоспарлар сөз болды.
Айта кетейік, World Boxing халықаралық федерациясы 2027 жылы бокстан әлем біріншілігі Қазақстан астанасында өтетінін ресми түрде жариялаған. Бұл дода халықаралық спорт күнтізбесіндегі маңызды жарыстардың бірі саналады. Сонымен қатар чемпионат 2028 жылы АҚШ-тың Лос-Анджелес қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындары қарсаңында ұйымдастырылмақ.



