Астанада Конституциялық реформаны қолдауға арналған спорт қауымдастығының жиыны өтті

6 ақпанда Астана қаласында Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы жобасын талқылауға арналған спорт қауымдастығы өкілдерінің жиыны өтті.
Іс-шараға ұлттық спорт федерацияларының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиада комитетінің өкілдері қатысты.
Жиынның негізгі мақсаты – жаңа Конституция жобасын және елде жүзеге асырылып жатқан Конституциялық реформаны қолдауда спорт қауымдастығының бірыңғай әрі келісілген ұстанымын білдіру.
Басқосуда спорт саласының өкілдері жаңа Конституция спортшылар мен қоғам үшін әділеттілік, жауапкершілік және тең мүмкіндік қағидаттарын нығайтатын маңызды құжат болатынын атап өтті.
Күн тәртібіне сәйкес, қатысушылар Ата заңды жаңарту бастамасын қолдайтын ортақ ұстанымдарын білдіріп, адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығы, демократиялық институттарды дамыту, «Әділетті Қазақстан», «Заң мен Тәртіп» қағидаттарының маңызы жөнінде пікір алмасты.
Спорт федерацияларының басшылары уақыт өте келе спорт ережелері жаңарып отыратынын мысалға келтіріп, дәл сол секілді Конституция да заман талабына сай жетілдірілуі тиіс екенін атап өтті. Олардың айтуынша, бұл қадам еліміздің әділетті, мықты әрі бәсекеге қабілетті болашағын қалыптастыруға бағытталған.
Жиын барысында ҚР спорт қауымдастығының Конституциялық реформаны қолдауға арналған Үндеуі оқылып, оған қатысушылар қол қойды. Үндеуде ұлт денсаулығын нығайту, адами капиталды дамыту және қоғамның тұрақты дамуына жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Спорт қауымдастығы өкілдері Конституция жобасында көзделген адам құқықтарын қорғау, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, ұлттық бірлікті нығайту, азаматтардың әл-ауқатын арттыру және мемлекеттің зайырлы сипатын сақтау қағидаттарын толық қолдайтындықтарын жеткізді.
Жиын қорытындысы бойынша қатысушылар елдің тұрақты әрі әділетті дамуына бағытталған жауапты азаматтық ұстанымды қалыптастыруға өз үлестерін қосуға дайын екендерін білдірді.



